Рухты ұрпақ – ұлт тірегі
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Шәкәрім университеті жанындағы «Shakarim High School» мектебінде ұлттық рухты ұлықтаған тағылымды іс-шара өтті. 10 -11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған «Жігіт сұлтаны – 2026» байқауы жас буынның бойындағы ерлік пен елдік қасиеттерді айшықтаған ерекше сайыс болды.
Ер жігітке тән батылдық, қайсарлық, күш пен ептілік, өнер мен парасат сынға түскен «Ұлттық рухтағы жігіт – ел болашағы» деп аталған сайысқа алты үміткер қатысып, намыс пен рухтың туын биікке көтерді.
«Күш атасын танымас» кезеңінде қатысушылар гір көтеру, қол күресі және кеудені жерден көтеру арқылы өздерінің физикалық дайындығы мен төзімділігін дәлелдеді.
Келесі кезеңде оқушылар АК-74 қаруын бөлшектеп, қайта жинау арқылы жылдамдық пен дәлдікке негізделген шеберліктерін көрсетті. Мұнда жігіттердің жинақылығы мен жауапкершілігі сыналды.
Зияткерлік сайыста үміткерлер түрлі сұрақтарға жауап беріп, өз білім деңгейін танытты. Ал эстафеталық жарыстар мен кедергілерден өту кезеңінде олардың ептілігі мен шапшаңдығы, қиындыққа төтеп беру қабілеті айқын көрінді.
«Өнерлі жігіт» кезеңінде қатысушылар ұлттық құндылықтарға деген құрметін паш етті. Садақ атып, асық ойнап, ләңгі теуіп, ата-баба мұрасын дәріптеген олар өздерінің дәстүрге жақын, рухы биік ұрпақ екенін дәлелдей білді.
Сайыс қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен 11б сынып оқушысы Әділжан Қорабай «Жігіт сұлтаны – 2026» атағына лайық деп танылды. Сонымен қатар, қатысушылар түрлі аталымдар бойынша марапатталып, олардың әрқайсысының ерекшелігі ескерусіз қалған жоқ.
Бұл байқау ұлттық рухты жаңғыртып, ел болашағы болатын жас жігіттердің бойына жауапкершілік пен намыс, ерлік пен парасат дәнін сепкен маңызды іс-шара болды.