Ғылым онкүндігі қарсаңында Курчатовқа жаңа мәртебе беру мәселесі талқыланды
Семей қаласында Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлының төрағалығымен және Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Ғылыми-техникалық кеңестің маңызды отырысы өтті. Кеңесте күн тәртібіндегі басты мәселе – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Курчатов қаласына «Ғылым қалашығы» мәртебесін беру болды.
Аталған жиынға өңірдің ғылыми қауымдастығы мен жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Олардың қатарында Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков те болды.
Курчатов қаласы тарихи тұрғыдан қалыптасқан бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Осы әлеуетті одан әрі дамыту мақсатында 2025–2029 жылдарға арналған кешенді даму жоспары әзірленген.
Жоспар аясында:
Жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 76 ірі инвестициялық жоба іске асырылады;
Қуаты 700 МВт электр станциясы мен көмір-химия кешенін салу көзделген;
6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қаланың инженерлік, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымы толық жаңғыртылады.
Бұл бастамалар ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы өзара байланысты күшейтіп, инновациялық кәсіпорындардың қалыптасуына жаңа серпін береді.
Өңірлік ғылымды дамытудағы университеттің рөлі
Кеңес барысында Абай облысының ғылыми әлеуетін арттырудың стратегиялық бағыттары кеңінен талқыланды.
Өз сөзінде Думан Орынбеков Шәкәрім университетінің өңірлік ғылымды дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен университетте 40-тан астам ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Олардың 70%-дан астамы нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған қолданбалы зерттеулер.
Университеттің негізгі стратегиялық басымдықтары:
аграрлық секторды цифрландыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отандық селекциялық жетістіктерді өндіріске енгізу;
ғылымнан өндіріске дейінгі толық циклды қамтитын заманауи ғылыми инфрақұрылымды дамыту (Shakarim Lab, Агротехнопарк және т.б.);
2026–2028 жылдары өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің өзегіне айналатын академиялық және ғылыми-зерттеу орталығын құру.
Құрметті әріптестер, білім алушылар, оқушылар!
Сәуірдің 4-14 аралығында Шәкәрім университетінде Ғылым онкүндігі өтеді. Бұл – Шәкәрім университетінің ғылыми әлеуетімен жақынырақ танысып, жаңа идеялар мен жобалардың куәсі болуға тамаша мүмкіндік. Баршаңызды Ғылым онкүндігі шеңберінде өтетін іс-шараларға белсенді қатысуға шақырамыз.