«Білім берудегі шахмат» аясында ой бөлісті
Баланың интелектуалдық қабілетін күшейтіп, ой-өрісін дамытуда шахмат ойыны маңызды рөл атқарады. Қазір еліміздің білім ошақтарында шахмат үйірмелерін, кабинеттерін ашып, тіпті, бастауыш сыныптарында қосалқы пән ретінде оқыту да жолға қойыла бастағаны қуантады. Аңыздарға сүйенсек, шахматты алғаш болып біздің заманымызға дейінгі 2-3 мың жылдықта пайда болған деседі. Ертеде Үндістанда пайда болған бұл ойындағы ақ, қара түсті фигуралардың лайықты атауларына сәйкес, жүріс ерекшеліктері бар. Ойын сонысымен де қызықты. Тағы бір ғажабы ойын партияларының қайталанбайтындығымен де шахматтың қыр-сырын ұғуға болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорттың осы түріне баса назар аударып: «Шахмат деген үлкен өнер. Сондықтан шахматпен күнделікті, мұқият, арнайы кітаптарды оқи отырып айналысу қажет» деп атап көрсеткен болатын. Кейінгі жылдары Президент бастамасымен бұқаралық сипатта шахмат ойынына жете көңіл бөлініп, оны насихаттауға барынша басымдық беріліп отыр.
Осы орайда Шәкәрім университетінің бас ғимаратында «Білім берудегі шахмат» атты республикалық конференция өтті. Іс-шараға Абай облысы білім басқармасының қызметкерлері және әдістемелік орталықтардың жетекшілері, мектеп директорлары, бастауыш сыныптарға жауапты оқу ісі жөніндегі директор орынбасарлары және бастауыш сынып мұғалімдері қатысты.
Конференцияның ашылуында сөз алған Шахмат федерациясының Абай облыстық филиалының басшысы Бақытжан Хавдесұлы мектеп жасындағы балалар арасында спорттың осы түріне қызығатындар көбейгенін, жыл сайын жас жеңімпаздар есімі де мектептердің мақтанышына айналғанын атап өте келіп, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шәкәрім университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бейімбет Дәрібаев шахматқа өзі де бала күнінен ден қойғанын айтып, ойынды үйренген кез-келген баланың біртіндеп жеңіске ұмтылысы артатындығына тоқталды. Соның бір дәлелі ретінде кешкілікте отбасында балаларымен шахмат ойнағанда олардың шахматты меңгеруі жылдан жылға жоғары нәтиже беретіндігін байқағандығын, ойынның мектептің оқу бағдарламасына енгендігі бала болашағы үшін құптарлық бастама екендігін атап өтті.
«Білім берудегі шахмат: бастауыш сыныптарға енгізу» тақырыбында баяндама жасаған «Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназияның» директордың оқу ісі жұмыс жөніндегі орынбасары және бастауыш сынып мұғалімі Толқын Әзбергенованың айтуынша, осы білім беру мекемесінде арнайы заманауи шахмат кабинеті жабдықталған. Кабинет балалардың ойынға деген қызығушылығын арттыратындай эстетикалық тұрғыдан безендіріліп, қажетті көрнекі құралдармен, демонстрациялық тақталармен және сапалы шахмат жиынтықтарымен толық қамтамасыз етілген.
- Гимназияда шахмат үйірмесі де тұрақты жұмыс жасап жатыр. Үйірме аптасына 2 рет өткізіледі. Қазір үйірмеге 40 оқушы қатысып жүр. Оқушылар Абай облысының Шахмат федерациясының ұйымдастыруымен өткізілген біліктілік санатына арналған турниріне қатысты. Оның ішінде біздің гимназияның 4 сынып оқушысы Асылбек Маратов ІV разрядын қорғап, үхздік нәтиже көрсетті. Шахмат сабағы сабақ кестесіне сәйкес, аптасына 1 рет жүйелі түрде өткізіледі. Аптасына бір-ақ сағат болса да, бұл уақыттың балаларға тигізер пайдасы орасан зор. Біз осы қысқа уақыттың ішінде оқушылар бойынан мынадай оң өзгерістерді байқадық Атап айтқанда, оқушылардың логикалық ойлау қабілеттері дамыды. Математика және жаратылыстану бағытындағы сабақтарда есептерді шығару жылдамдығы артты. Шахмат — әр жүріс үшін жауап беруді үйретеді. Балалар өз шешімдерінің салдары болатынын түсініп, жауапкершілікке үйренді. Тағы бір айтарлығы шахматпен жүйелі айналысатын оқушылар мен шахмат ойнамайтын оқушылардың негізгі пәндер мен дағдылар бойынша даму деңгейінің айырмашылығын да көруге болады,- дейді Толқын Тоқталғанқызы.
Бұдан кейін де сөз алған ұстаздар шахматты жүйелі түрде оқу бағдарламасына енгізіп, оқушы қабілетін арттыруда маңызды рөл атқаратындығын кеңінен талқылап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Кейінгі салынған мектептерде арнайы шахмат кабинеттері бар. Алайда, кабинет жетіспейтін ескі мектептерде бұл мәселені шешудің жолдарын қарастыру қажеттігі күн тәртібінде тұр.
Конференция соңында қатысушыларға сертификаттар табысталып, құрмет көрсетілді.