Халықаралық музей күні
18 мамыр – Халықалалық музей күні. Бүкіл әлемде ICOM (International Council of Museums – Халықаралық музейлер Кеңесі) шешімімен 1977 жылдан бері жыл сайын өтетін мереке. Бұл күні музейлерде «Ашық есік күні», «Музей түні» сияқты мәдени іс-шаралар өтеді.
Бүгін Шәкәрім университеті жанындағы «Шәкәрім ғылыми музейінде» бірнеше ғылыми-мәдени шаралар өтті. Соның бірі – «Shakarim High School» мектебі оқушыларына «Шәкәрім ғылыми музейінің» тарихы кеңінен таныстырылды. Келген қонақтарға «Шәкәрім ғылыми музейінің» бас маманы Гүлнұр Шалатайқызы экскурсия жүргізіп, музейдің «Шәкәрім әлемі» және «Университет тарихы» деген екі залдан тұратынын, әрбір залдағы экспонаттардың құндылығы туралы кең таратып айтып берді.
Ал, «Шәкәрімтану орталығының» басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрдықұл Қасенұлы жалпы музейдің адамзат мәдениетінде алар орны мен мәніне, Халықаралық музей күнінің насихаттық қуатына тоқталып өтті.
Жалпы, соңғы үш жылда Шәкәрім университеті – қазақтың классик ақыны, ғұлама-ойшыл Шәкәрімнің тұлғасы мен мол мұрасын зерттеу мен насихаттауда пассионарлық қуатпен үлкен жетістіктерге жетті.
Отандық және халықаралық деңгейде танымал болған факторларды атайтын болсақ, олар – мыналар: соның біріншісі – «Шәкәрім ғылыми музейі». Еліміздің Бас газеті Egemen Qazaqstan университет жанындағы музей туралы тамсана жазды. Бір күнде оның даңқы бүкіл елге жайылды. Шәкәрімтану зерттеу Орталығы қайта ашылды. «Шәкәрім» ғылыми-танымдық журналы биік талаппен қайта жарық көре бастады. Еліміздің барлық өңірінен көрнекті ғалымдар осы журналға автор ретінде тартыла бастады. Шәкәрім университеті жаңалықтарына журналда басымдық беріледі. Мәскеу қаласынан Шәкәрімнің ойшылдығына арналған «Родник по имени Шакарим» атты кітап жарық көрді. Қытайдың Сиань Цзяотун университеті жанынан «Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығы ашылды. Басқа да ұшан-теңіз мәдени-ғылыми контексте жұмыстар жүргізілуде.
Міне, бүгінгі Халықаралық музей күні келген қонақтар осы жаңалықтарды естіп, қуаныштарын жасыра алмай, рахметтерін айтып жатты.
Біз қазақтың классик ақыны, ғұлама-ойшыл Шәкәрімнің тұлғасы мен мол мұрасын зертеумен айналысып жүрген әріптестерімізді бүгінгі мерекелерімен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз.