Тың бастама: жаңа зертхана жұмысын бастады
Бүгін Шәкәрім университеті тағы да бір зертханамен толықты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымның барлық саласын дамытуға баса назар аударып отырғаны белгілі. Тек қана әлемнің өзге елдерімен терезесі тең тұруға ғана емес, біртіндеп ғылыми әлеуеті дамыған жетекші мемлекеттердің бірі болуды мақсат ету қажеттігіне де тоқталған еді.
«Дамудың бірден-бір жолы – ғылым. Адамзат жетістіктің бәріне білімнің арқасында жеткен. Қарапайым заттардан бастап, күрделі ой-тұжырымдарға дейін, барлығы да – ғылымның жемісі. Шын мәнінде, ілім-білім арқылы бүкіл жаратылысты терең танып білеміз. Таным көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге шығамыз. Ғылымның ең басты миссиясы – осы» деген Президент сөзі қашан да өзекті.
Осы орайда Шәкәрім университеті де тың бастамаларға жол ашып, зертханалар жұмысының жандануы бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асыру үстінде. Соның бір айқын дәлелі ретінде оқу орнының Shakarim Lab базасының ғимаратында өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу зертханасының ашылуын айтуға болады. Бұл жоба «Металлургиялық өндірістердің қалдықтары, мұнай өңдеу және мұнай өндірудің жанама өнімдері сияқты қайталама ресурстарды қайта өңдеудің инновациялық технологиясын әзірлеу» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жүзеге асып отыр.
Жаңа зертхананың ашылуы салтанатында сөз алған университет ректоры Думан Орынбеков Шәкәрім университетінің ғылыми жетістіктері туралы бірқатар ірі істердің жайымен таныстырды.
«Мемлекет басшысы айтқандай, «Ғылым – ұлттың зияткерлік қуаты, ал ғалым – қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші» екені сөзсіз.
Ғылым онкүндігі аясында гранттық қаржыландыру шеңберінде «Өндірістік қалдықтарды өңдеудің инновациялық технологиялары» зертханасының ашылуының маңызы зор.
Бүгінде университет ғалымдарының Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жалпы көлемі 5 млрд теңгені құрайтын 40-тан астам жобасы қарастырылған. Жобалардың 70 пайызы нақты қолданбалы сипатқа ие.
Бұл жобаның жалпы қаржыландыру көлемі 269 млн теңгені құраса, оның ішінде 31 пайызы зертхананы ең заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыруға бағытталды. Бұл – университетіміздің ғылыми инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған нақты инвестиция, мемлекет тарапынан ғылымға деген сенім мен қолдаудың көрінісі» - деді Думан Рымғалиұлы.
Химия және экология кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Альфира Нұржанқызынының айтуынша, жобаның екі мақсаты қосалқы қызмет ретінде серіктес «Композициялық материалдар институты» ЖШС-мен бірігіп орындалуда.
«Биыл 1-ші мамырдан 31-ші шілдеге дейін 3 айға кафедраның 4 жас ғалымы жобаның міндетін орындау мақсатында Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетіне (Сиань қ., Қытай) ғылыми тағылымдамаға барады. Сөзімді қорытындылай келе, президентіміздің «Соңғы жылдары ұлттық ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп жатырмыз. Бес жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция бес есе өсті. «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» кешенді жүйесі орнығып жатыр» деген сөздерін негізге ала отыра жобамызды сәтті аяқтап, ары қарай коммерцияландыру жоспарда бар»-дейді Альфира Сәбитова.
Айтарлығы сол, бұл зертхана қалдықсыз технологиялар саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған заманауи әрі қымбат жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Ашылып отырған зертхана Шәкәрім университеті зерттеушілерінің зерттеу жұмыстарымен айналысуына зор мүмкіндік береді.