Новости 10.04.2026 185

Абайтанудағы орны айрықша ғалым

Абайтанудағы орны айрықша ғалым

Шәкәрім университетінің Бас ғимаратында абайтану ғылымының негізін қалаған ірі ғалым, көрнекті әдебиет зерттеушісі, ақын, аудармашы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қайым (Ғабдулқайым) Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына орай «Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасы және ұлттық руханият» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ғылым онкүндігі аясында өтіп жатқан іс-шаралар көптеп саналғанымен, бұл конференцияның шоқтығы биігі көрнекті ғалымның тектілік болмысын, қайраткерлік тұлғасын танытатын танымдық пікір алмасулар мен құнды баяндамалардағы деректермен ерекшеленді.

Маңызды басқосуға ғалымның ұрпақтары Дина Қайымқызы, Дегдар және Қанағат Мұхамдехановтар да қатысты. Абай облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан тұғыры мығым тұлғаның Семей тарихында алар орны ерекше екендігін атап өтті. Абай музейінің директоры Ұлан Болатұлы 1940 жылы осы музейдің құрылып, тарихи құнды жәдігерлерінің аясын кеңейту жолында аянбай еңбек еткеніне тоқталды.

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековтің шетелде іссапарда жүруіне байланысты университет басшысының ізгі тілегін аппарат жетекшісі Мақсат Кәрібаев жеткізді.

«Бүгінгі бас қосудың басты ерекшелігі – Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасын тек еске алу емес, оны заманауи абайтану, текстология, әдебиеттану, гуманитарлық ғылымдар контексінде қайта пайымдау, жаңа көзқарастар мен тың бағыттарды ұсыну деп білемін.

Қайым Мұхамедханұлының ғұмырнамасын Семей қаласынан бөліп қарау мүмкін емес. Ғалымның бүкіл саналы ғұмыры Шәкәрім университетімен тығыз байланысты. Ғалым Шәкәрім университетінде елу жылға жуық ұстаздық етіп, бірнеше буын филолог мамандарды тәрбиеледі, абайтанудың терең мектептік дәстүрін орнықтырды. Архив деректерін жинау, шәкірт ақындардың мұрасын зерттеу, ғылыми тұжырымдарын дәлелдеу – осының бәрі Семейдегі ғылыми ортада жүзеге асты.

Қайым Мұхамедханұлының ғылыми-педагогикалық қызметі арқылы қалыптасқан рухани сабақтастық, әсіресе бүгінгі жас ғалымдар үшін тағылымды үлгі. Ұлт алдындағы жауапкершілік, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ғалымның жанқиярлық еңбегі абайтану ғылымы ғана емес, қазақ елінің тарихындағы теңдесіз зор ерлік деп есептеймін.

Шәкәрім университеті үшін мұндай ғылыми басқосулардың орны ерекше. Университетіміз ұлт руханиятына қызмет ететін ғылыми бастамаларды әрдайым қолдап, Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Қайым сынды ұлы тұлғалардың мұрасын зерттеу ісін басты бағыттарының бірі ретінде жалғастыра береді» деген ректор сөзінде бұл басқосудың жаңа идеялар мен тың зерттеулердің бастауына айналуына тілектестігі айтылған.

Тағылымды кездесудің шымылдығы ашылған сәтте тұсауы кесілген «Абай аманатын арқалаған» атты бейнероликтің де әсері мол болғаны сөзсіз. Мұнда ғалымның есімі қойылуынан бастап, ата-тегінің Алаш қайраткерлерімен байланысы туралы тарихи деректердің бейнекөрінісі де жиылған қауымның жан-дүниесін баурап алғаны сөзсіз. Мұндай тағылымды дүниені жасауда Шәкәрім университетіндегі «Абай және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Ақмарал Смағұлованың көп ізденгені байқалады.

Конференция барысында сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов ұстазының қазақ руханиятында алар орыны туралы тереңінен тебірене сөйледі. Ұстазы туралы естелігі мен баяндамасын үйлестіре келе Қайым Мұхамедханұлының қазақ әдебиетіндегі маңызды рөл атқаратын ғылыми істерін белгілі деректермен дәріптей бергеннен гөрі ғалымның абайтану мектебін қалыптастыру жолында қалдырған мол мұрасын текстология бағыты бойынша жас ғалымдар ғылыми ізденіспен жаңа қырынан жақын танып, тосын леп әкелетін уақыт жеткенін айтты.

Алматыдан арнайы келген педагогикалық ғылымдарының докторы, PһD (білім беруді халықаралық дамыту саласы), «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық ұйымының директоры Дина Қайымқызы әкесіне құрмет көрсеткен Шәкәрім университетінің басшылығына шынайы ризашылығын білдіре келіп, ғалым мерейтойын атап өту, ғылыми-рухани шаралар Астана, Алматы қаласында да жоғары деңгейде атап өтілгенін, көрнекті ғалымның ұлт руханиятын дамытуда, абайтанудың негізін қалау жолында бастан өткерген бейнет, қиындықтарын тілге тиек етті. Одан бөлек Қайым Мұхамедханұлы және оның шығарамшылығы туралы жарық көрген еңбектер мен ғалымның нақыл сөздері жинақталған кітаптармен де таныстырды.

Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына орай өткен ғылыми-конференция барысында басқа да ғалымдардың баяндамалары, сараптамалары қатысушылар назарын аударды.

Абайтанудағы орны айрықша ғалым
Абайтанудағы орны айрықша ғалым
Абайтанудағы орны айрықша ғалым
Абайтанудағы орны айрықша ғалым
Абайтанудағы орны айрықша ғалым
Абайтанудағы орны айрықша ғалым
Абайтанудағы орны айрықша ғалым
Абайтанудағы орны айрықша ғалым
Абайтанудағы орны айрықша ғалым
Абайтанудағы орны айрықша ғалым
Абайтанудағы орны айрықша ғалым
Абайтанудағы орны айрықша ғалым

Комментарии (0)

Оставить комментарий